Жеке көлік құралдарына арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бір жылда 3%-ға өсті, деп жазады inbusiness.kz Energyprom.kz порталына сілтеме жасап.
2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша жеке көлік құралдарына арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бір айда 0,3%-ға, бір жылда 2,5%-ға артты.
Ай сайынғы өсім Ақтөбе (+6,1%), Маңғыстау (+0,7%), Атырау және Қостанай (әр өңірде +0,3%) облыстарында тіркелді. Республиканың 9 өңірінде бағалар өткен ай деңгейінде қалды. Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жанар-жағармайдың құны төмендеді.
Шығыс Қазақстан облысында жанар-жағармайдың ең жоғары жылдық баға өсімі байқалды (+7,7%). Антилидерлер қатарында Ақтөбе (+7,5%) және Қостанай (+7,3%) облыстары бар. Алматы облысында бағалар өткен жылдың деңгейінде қалды. Жамбыл, Ұлытау және Түркістан облыстарында, Шымкентте бағаның шамалы төмендеуі байқалды.
Ресурстың жазуынша, бензин бір жылда 0,3%-ға арзандаған. АИ-92 маркалы бензин бағасы 0,7%-ға төмендесе, АИ-98, АИ-95/АИ-96 маркалы жанармай 0,7% және 1,8%-ға қымбаттады. Дизель отынының бағасы бір жылда 14,2%-ға көтерілді.
Былтыр желтоқсан айында бензиннің бөлшек сауда бағасы АИ-92 маркалы жанармайдың литрі үшін 179 тг, АИ-95/АИ-96 – 212 тг, АИ-98 – 234 тг болды. Республикада жазғы дизель отынының литрі орташа есеппен 238 тг болса, қысқы дизель отыны – 586 тг.
Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша республикада 4,4 миллион жеңіл автокөлік бар. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15,7%-ға артық.
Автомобильдердің негізі бөлігі - Алматы облысында (541,5 мың), Алматыда (514,9 мың) және ШҚО-да (322,9 мың) тіркелген.
3,7 млн көлік бензинмен жүрді. 325,2 мың автокөлік дизель отынын, 313,9 мыңы аралас отынды, 9,9 мыңы газ-балон отынын, 577-сі электр отынын пайдаланды. Тіркелген 80 мың жеңіл көліктің қандай отын түрін пайдаланатыны көрсетілмеген.