Үкімет отырысынан кейін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин тауарлардың бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, жанармайдың қымбаттауы азық-түлік бағасына қатты әсер етпейді.
"Енді жұмыртқа мен тауық етін алсақ, бұл бағаның 2%-ы - жанармай құны, қантты алсақ - 5%-ы, күнбағыс майын алсақ 2,4%-ға қымбаттайды, яғни литріне 700 теңге болса, өсім 15-17 теңге шамасында болуы мүмкін", - деді спикер.
Оның үстіне ірі өндірушілердің басым бөлігі жанар-жағармаймен жұмыс істемейді, олар газбен жұмыс істейді, газ әлі қымбаттап жатқан жоқ, деді министр.
"Сондықтан дизельдік отынның бағасы өнім құнына қатты қысым жасай деп ойламаймын. Негізі көктемгі дала жұмыстарына арзан бағамен 413 мың тонна дизель бөлдік", - деп жалғастырды спикер.
Қорыта келе ол азық-түлік бағасының айтарлықтай өспейді деп есептейтінін кесіп айтты.
"Азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуін күтпеймін, болжамаймын", - деп түйіндеді сөзін Жұманғарин.