ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қазір шаһарға жанар-жағармай жеткізуде мәселе жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алматы қаласында өткен есеп беру кездесуінде министр мегаполистің жанар-жағармаймен қамтылу көрсеткішін айтып өтті.
– Алматыда АИ-92 маркалы бензин – 23,15 мың тонна (20 күн), АИ-95 – 7,26 мың тонна (29 күн), дизельдік отын – 12,94 мың тонна (14 күн) қоры бар. Қалада АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы – 204 теңге, АИ-95 – 255 теңге, дизель отыны – 294 теңге, – деді ол.
Алмасадам Сәтқалиевтің қалада 272 жанар-жағармай құю бекеті барын, олар 100 пайыз жанар-жағармаймен қамтылғанын ерекше айтты. Министр жанар-жағармай сатуда тапшылықтың туындамауы үшін және алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
– Жанар-жағармай жеткізуде үзіліс жоқ. Толықтыру тұрақты негізде жеткізу келісімшарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және баға шегін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда, – деп сөзін жалғады Алмасадам Сәтқалиев.