Шығыс Қазақстан облысында жанармай сататын 15 шағын бекетте бағаның негізсіз көтерілгені анықталды. Бұл туралы монополияға қарсы комитеттің аймақтық өкілдігінің мамандары айтты, деп хабарлайды 24.kz.
Облыста бензин сататын жеке бекеттерге мониторинг жүргізген құзырлы орган қызметкерлері 7 ауданда АИ-92 маркалы жанармайды кәсіпкерлердің астыртын келісім арқылы әдейі өсіргенін әшкерлеген. Кейбір кәсіпкерлер жағармай бағасын бірден 5-тен 10 пайызға қымбаттатқан. Экономикалық тексерудің нәтижесінде, өзара келісіп, бағаны көтерген жанармай бекеттерінің иелері 10 миллион теңге айыппұл төледі.
Аймақтық монополияға қарсы департамент қызметкерлері мониторинг жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр.
"Кейбір жанармай бекеттерінің иесі айыппұлдарын өздері төлеп жатыр. Ол шамамен 4,5 миллион теңге болады. Ал мәжбүрлі түрде бюджетке бүгінге дейін тағы 1 миллион 700 мың теңге айыппұл түсті. Жанар-жағармайдың өсуі нарықтағы көтерме бағаның қымбаттауына байланысты болып тұр", - деді облыстық бәскелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Людмила Устьянцева .