Жанармай бекетіндегі жарылыс: кінәліге 40 млн өтемақы жүктелді

150

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру және моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.  

Жанармай бекетіндегі жарылыс: кінәліге 40 млн өтемақы жүктелді Фото: бейнежазбадан

Былтыр Атырау облысының Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетінде болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы инстанциядағы сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот отырысында судья айыпталушының кінәсі дәлелденгенін айтып, шешімді жариялады. Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 281 бабы 3 бөлігі (Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Сондай-ақ 3 жыл мерзімге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданылсын. "Ниет ЛТД" ЖШС-нен жәбірленушілердің пайдасына моральдық өтемақы өндірілсін", – деді судья Ардақ Төлебаева.

Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сот шешіміне сәйкес, осы жарылыс салдарынан көз жұмған ерлі-зайыптының төрт баласының әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.

Тергеу деректерінде №3 газ құю станциясы аумағындағы 25 текше метрлік сұйытылған газ резервуары техникалық тұрғыдан куәландырылмаған және заң бойынша тіркелмеген, сондай-ақ қауіпті ретінде есепке алынбағаны белгілі болды.

Жәбірленуші тарап өкілі Ақан Хабдешев моральдық өтемақы мөлшеріне келіспейтінін білдіріп, апелляциялық шағым түсірілетінін айтты.

"Біз бас бостандығынан айыру жазасымен келісеміз. Бірақ моральдық өтемақы көлемі өте аз деп есептейміз", – деді ол.

Оқиға салдарынан ерлі-зайыпты қаза тауып, төрт бала ата-анасыз қалған. Жарылыс кезінде алты көлік өртеніп, үш бірқабатты және бір екіқабатты ғимарат бүлінген. Апат аумағы шамамен 400 шаршы метрді қамтыған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу