Елімізде жанармайдың бағасы литріне 170 теңгені құрайды. Бұл көрші — Түркменстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстандағы шикізат бағасынан арзан, деп хабарлады energyprom.kz.
Ал әлемдік рейтингте Қазақстан жанармай ең арзан 167 мемлекеттің ішінде 8 сатыға тұрақтады. Ал тізімнің ең басына — Венесуэла, Иран мен Ангола жайғасқан. Рейтингті шикізат бағасы литріне 1,1 мың теңгені құрайтын Сирия қорытындылады.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсанында 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елімізде АИ-95/АИ-96 0,8% қымбаттап, литріне 171,3 теңге тұрған. Ал АИ-98 1,4% қымбаттап, литріне 190,2 теңгеге жеткен. АИ-92 бағасы 2,7% өсіп, литрі 150,6 теңгеге бағаланды.
Жалпы 2020 жылы елімізде 4,5 млн тонна жанармай өндірілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен шамалас.
Өңірлер бойынша өндіріс көлемі ең жоғары аймақ Шымкент. Мұнда "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" компаниясы бар. Аталған кәсіпорын былтыр 2 млн тонна жанармай өндірді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,6% жоғары. Одан кейінгі орында Павлодар (1,4 млн тонна, + 5,7%) және Атырау (1 млн тонна, - 15%) облыстары тұр. Аталған аймақтарда Павлодар мұнайхимия және Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Осылайша өткен жылы отандық кәсіпорындар ішкі нарық қажеттіліктерін толық қанағаттандырған. Ал экспорттың үлесі 11,7%-ды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1%-ды болатын.
Құралай Құдайберген