Жаңатаста өртенген пәтер орталық жылу жүйесіне қосылған

1332

Қайғылы оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің 192-бабы 3-тармағына сәйкес іс жүргізілуде. 

Жаңатаста өртенген пәтер орталық жылу жүйесіне қосылған

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жаңатас қаласындағы қайғылы жағдай бойынша сөз сөйлеген Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев осыны айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Пәтердегі ахуалды зерделеу барысында өрт орын алған 16 шаршы метр бөлмеде қосымша жылыту қондырғылары, электр көздері болмаған. Яғни, пәтер салқын болғандықтан, электр плитасы қосулы болып, өрт содан тұтанған деген дерек жалған", деген жауапты маман баспананың жалпы көлемі 40 шаршы метр болғанын айтты.

Осы жиында Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция майоры Бақыт Ратаев оқиғаға байланысты сот сараптамалық жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді.

"Департамент басшысы, полиция генералы Жанат Сүлейменов кешеден бері Жаңатас қаласында арнайы топпен жұмыс істеуде. Алдын ала сот-сараптамалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, өрт жеңіл тұтанатын заттардан шығуы мүмкін. Айталық, сіріңкенің матрасқа түсуінен немесе жиһазға тиюінен тұтанған. Нақты ақпар жақын арада анықталады",  деп атап өтті ол.

"Әлеуметтік желілерде оқиға орнында 60 жастағы қарияның болғаны жайында мәлімет жүр. Бұл шындыққа жанаспайды",  деді полиция майоры.

Еске сала кетейік, кеше Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында бір үйдің бес бірдей бүлдіршіні пәтер ішіндегі өрттен қаза тапқан болатын. Олардың үлкені 7 жаста, кішісі 7 айлық. Қазіргі таңда оқиға орнында құзырлы органдар өкілдері тексеріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әсел Мұратбекқызы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу