“Жаңбыр мен бұршақ жаууы да мүмкін”: Ақтау қаласын қою шаң басты

Тұрғындар әлеуметтік желіде табиғаттың тосын мінезінен кейінгі көріністерді жаппай жариялап жатқанын Lada.kz сайты жазды.  

“Жаңбыр мен бұршақ жаууы да мүмкін”: Ақтау қаласын қою шаң басты Фото: lada.kz

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті күн райының әлі де нашарлауы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ақтаудағы қатты желден қала шаңды дауылдың астында қалған. Құрылыс нысанын қоршаған уақытша қоршаудың қатты желге шыдамай құлағанын да байқауға болады. 

"Қазгидромет" РМК филиалының мәліметінше, 8 қыркүйекте өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстік-батысында қатты жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін. Түнде солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ал облыстың батысы мен орталығында жел екпіні 23-28 м/с-қа жетуі ықтимал.

Құтқарушылар қатты жел кезінде мүмкіндігінше сыртқа шықпауға, әсіресе балалар мен қарттарды үйде ұстауға кеңес береді. Аулалардағы жел ұшырып әкетуі мүмкін жеңіл заттың барлығын жинап, терезе мен есіктерді мықтап жабу қажет.

Сыртта жүргенде ағаштардың, жарнама құрылымдарының, электр желілері мен бағандардың, құрылыс нысандарының маңына жақындамаған жөн. Көлікті ағаштардың, билбордтардың және уақытша құрылымдардың жанына қоймау да маңызды. 

Найзағай кезінде ашық жерде және су айдындарының маңында болуға болмайды. Жалғыз тұрған ағаштың астына жасырынбаған жөн. Электр құрылғыларын желіден ажыратқан дұрыс. 

Тыныс алу мүшелерін шаңнан қорғау үшін маска немесе дымқыл мата қолдануға болады. Қатты жаңбыр кезінде жүргізушілер жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауы қажет. 

Бұдан бөлек, облыс аумағында өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Тұрғындарға белгіленбеген жерлерде от жақпау және құрғақ шөп пен қоқысты өртемеу керектігі ескертілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу