Жандарбек Бекшин: 363 отандасымыз Бейжіңнен қайтуға ниет білдіріп отыр

884

Қытайдан 217 қазақстандық эвакуацияланды. 

Жандарбек Бекшин: 363 отандасымыз Бейжіңнен қайтуға ниет білдіріп отыр

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қытайда пайда болған коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін ел аумағында атқарылған шаралар туралы мәлімдеме жасады. 
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен іс-шараларды үйлестіру комиссиясы құрылғанын атап өтті. 

"Қытай Халық Республикасы арқылы өтетін барлық пункте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Тепловизорлар орнатылып, бақылау мониторингі жүріп жатыр. Медициналық ұйымдарда 10200 төсек, оның ішінде 4 400 қосымша төсек орны дайындалып, маскалардың, медициналық бұйымдардың бағасы, олардың қорлары бақылауға алынды. Қорғас сауда орталығының жұмысы тоқтатылды", – деді Жандарбек Бекшин. 

Сөз арасында ол елімізде коронавирусты жедел диагностикалауға мүмкіндік беретін диагностикалық жүйе әзірленгенін айтты. 

"Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасынан диагностикалық тесттер алынды. Ухань қаласынан арнайы бортпен келген адамдарға зертханалық диагностика жүргізілді. Барлығы 313 адам тексерілді. Коронавирус табылған жоқ", – деді еліміздің бас санитары.

Оның айтуынша, қазір Бейжің қаласынан Қазақстан азаматтарын шығару мәселесі қарастырылып жатыр. 

"Бүгін таңғы сағат 05.00-де Нұр-Сұлтан қаласына Қытайдан Қазақстанның 217 азаматы эвакуацияланды. Олардың барлығы 3 күн медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін стационарға жеткізілді. 363 отандасымыз Бейжіңнен Қазақстанға қайтуға ниет білдіріп отыр. Біз солардың мәселесін қарастырып жатырмыз", – деді Жандарбек Бекшин

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу