Қазақстанның бас санитар дәрігері, ҚР денсаулық сақтау министрлігі, қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин еліміздегі қызылша ауруының бүгінгі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
27 ақпан мен 6 наурызды қоса алғанда еліміз бойынша 438 қызылша ауруы тіркелген, оның 282-сі бала (65%).
"Астанада қызылшаға ұшырағандар саны 100 мың адамға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға өсіп отыр. Соңғы апта ішінде Астанада 99 жағдай тіркелді. Қазақстан бойынша бүгінгі күні 186 адам қызылшадан емделуде, оның ішінде Астана бойынша 15 адам емделуде, оның 10-ы жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы еліміз бойынша қызылша ауруына шалдығу елордада орташа деңгейден асып тұр",– деді Жандарбек Бекшин баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, бас дәрігер аталған ауру көбінесе екпе алмаған балалардың арасында көптеп тіркеліп жатқанын айтып өтті.
"Қызылшамен тіркелген балалардың 60%-ы екпе алмағандар. Олардың көптеп ұшырауының тағы бір себебі – балалардың екпе жасына жетпеуі, яғни олар 9 айға толмаған", – деді ол.
Одан бөлек, комитет басшысы Қазақстанда Азия мен Еуропадан келген қызылша ауруының D8 және B3 вирусы таралғаны жөнінде мәлемдеме жасады.
"Қазір Астанада қызылшаның Dublin атты генетикалық желісі жайылуда. Бұл бізге Еуропадан келіп отыр, сол сияқты Kabul вирустық желісі Азия елдерінен келіп отыр. Аталған вирус түрлері Қазақстанда бұған дейін тіркелген емес. Бұл вирус штамының тарау орталығы негізінен Украина (47 мың жағдай тіркелген)",– деді бас санитар.
Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин көктем тұмау және басқа да ауру вирустарының қозу мезгілі екенін айта келе. Астанада қалалық №1 балалар ауруханасы жанынан қосымша 140 орын және инфекциялық ауруханадан қосымша 50 орын ашылғанын тілге тиек етті.
Еске салып өтейік, елімізде медициналық кеңес алу мақсатында 88000700830 телефоны жұмыс жасайды.