Қоғам денсаулығын қорғау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды тағамдарға интернет арқылы тапсырыс бермеуге шақырды, деп хабарлайды .
"Көшедегі фаст-фуд бүгінгі таңда ыстық, ал ең бастысы, қымбат емес тағамдарды ұсынады. Өкінішке қарай, мұндай тамақтану орындарынан улану қаупі жоғары, өйткені мұндай дүңгіршектерден тағамдардың қалай дайындалатынын анықтау қиын. Оларды даярлау үшін көбінесе канцерогенді қасиеттерге ие, бірнеше рет қолданылатын майлар, маргариндер пайдаланылады. Көшелерден мұндай тағамдар сатып алу қауіпті", - деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, сарапшы мұндай жерлерде сапасыз әрі тұрып қалған азық-түліктер, толық піспеген ет пен жуылмаған көкөністерді қолдану жағдайы жиі кездесетінін айтады.
"Әрі тамақ дайындап, әрі сатып алушыдан ақша қабылдауына байланысты сатушылардың тіпті қол жууға да жағдайы жоқ", – деді Бекшин.
Сонымен қатар, бас санитар тағамдарға әлеуметтік желі арқылы үйге тапсырыс берудің де соңы қиындыққа айналуы мүмкін деп ескертеді.
"Қазіргі кезде Instagram және басқа да әлеуметтік желілер арқылы, түрлі жарнамалар арқылы үйге жеткізіп беретін тағамдарға тапсырыстар беру жиілеп кетті. Бұл өте қауіпті сауда түрі. Олардан рұқсаттары болуын талап ету керек. Әдетте, мұндай тағамдар үйде дайындалады. Ал қандай жағдайда дайындалатынын біз білмейміз. Олар тазалық пен сапалы тағамдарға қойылатын ережелерді сақтамауы мүмкін. Тапсырыс беру жүйесінде жұмыс істейтін өндірушілер аса қауіпті тәуекелге барып отыр", – деді Жандарбек Бекшин.