Жандарбек Бекшин тұрғындар СOVID-19-ды қайдан жұқтырып жатқанын айтты

1542

Алматылықтар коронавирусты сауда нысандарында жиі жұқтырып жатыр. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жандарбек Бекшин тұрғындар СOVID-19-ды қайдан жұқтырып жатқанын айтты

Ол тұрғындарды өзара байланысты шектеуге шақырды.

"Соңғы 7 күнде қалада СOVID-19-ды жұқтыратын негізгі орындар: сауда нысандары (ауру жұқтыру көрсеткіші – 35%), отбасындағы байланыс (19%), қоғамдық көлікте қатынау (16%), базарлар (14%), саябақ пен халықтың демалатын орындар, көшелер (3,6%) болды", - деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Жандарбек Бекшин ауруды жұқтыру қаупі жоғары орындарды атады. 

"Соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші туыстары және көршілермен байланыста болғандар арасында 0,2-0,4%-ға, азық-түлік емес дүкендерде 0,1%-ға, қоғамдық тамақтану нысандарында, мейрамханаларда, дәмхана мен асханаларда  –0,2%-ға, монша мен сауналарда – 0,4%-ға өсті", - деді қаланың бас санитар дәрігері.

Басқарма басшысы Ashyq жобасына қатысушы нысандарда СOVID-19 жұқтыру дерегі 106-дан 186-ға дейін артқанын айтты.

"Ashyq арқылы ХҚКО-да 16 адам, сауналарда, бассейн мен фитнес-орталықтарда 11 адам, мейрамханаларда, кафелерде 8 адам, банкет залдарда 5 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды", - деді Жандарбек Бекшин

Бас санитар дәрігер алматылықтарға маска тағып, арақашықты, карантин талабын қатаң сақтауға кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу