Атырау облысы Құлсары қаласының оқушылары Ресейдің Астрахань облысындағы "Геолог Казахстана" пансионатынан шұғыл түрде шығарылып, үйлеріне жіберілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"26 қазан мен 4 қараша аралығында Атырау облысынан Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 174 (113 ұл және 61 қыз) оқушы Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы "Геолог Казахстана" емдеу пансионатына демалуға жіберілді. Олар пансионатқа 26 қазан күні сағат 22:00-де келген. Алайда ауа райының ахуалына байланысты пансионат ғимаратының ішінде ағаш жәндіктер көбейіп, олар пансионат ғимаратының ішіне жайылып кеткен. Қазір ғимаратты жәндіктерден арылту жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Ал балаларды шұғыл түрде үйлеріне қайтару жұмыстары жүргізілуде", – дейді Атырау облысы білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Жергілікті атқарушы биліктің бұлай шұғыл шешім шығаруына пансионатта демалып жатқан балалардың ата-аналарының 27 қазан күні кешкісін әкімдік алдында наразылық акциясын ұйымдастыруы түрткі болып отыр.
"Пансионатқа кеткен балаларымыз қайтадан кеткісі келіп жатыр. Себебі бөлмелердің ішіне тарақан қаптап кеткен. Олар жіберген видеодан лагерьде антисанитарияның салтанат құрып алғаны көрініп тұр. Балаларымызды үйге қайтаруды талап етеміз", – дейді ата-аналар.
Айта кететін жайт, "Геолог Казахстана" пансионаты – атыраулық балалар демалатын танымал емдеу-сауықтыру орындарының бірі.