Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Эль-Пасода (АҚШ, Техас штаты) өткен бокс кешінде америкалық Вон Александрды жеңді, деп хабарлайды vesti.kz.
Орта салмақта жұдырықтасатын боксшылардың жекпе-жегі жоспарланған 8 раундқа созылды. Бұл қазақстандық боксшының ең ұзаққа созылған жекпе-жегі болды.
Шаршы алаңдағы шайқаста ширақ қимылдары, жойқын соққыларымен көзге түскен Жәнібек Әлімханұлы төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл – қазақстандық боксшының кәсіпқой ринг төріндегі төртінші жеңісі.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Әуесқой бокста Жәнібек Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарған боксшы. Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Эль-Пасодағы бокс кешінде қазақстандық тағы бір боксшы Сағадат Рахманқұловта жекпе-жекке шықты. Ол пуэрто-рикалық Никлаус Флазға төрешілер шешімі бойынша жол беріп, мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.