Әнарудың қорғаушысы бұған дейін айтылмаған деректерді жайып салды

956

Жанқош Тұрарға қатысты қылмыстық істің қысқартылып қалғанына қорғаушы Ләззат Ахатова да, Әнару Құрманәлі де келіспейді.

Әнарудың қорғаушысы бұған дейін айтылмаған деректерді жайып салды Фото: коллаж inbusiness.kz

Енді жәбірленуші тарап істі қысқартқан тергеушілердің үстінен және боксшының әйеліне қатысты да арызданбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын, қоймай жүріп білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр! Ол қаулыға шағымданатын құқығымыз бар! Қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Солай жасаймыз да. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Полиция істі заңсыз қысқартса, неге оны түпкілікті шешім деп ойлайды, кей кісілер? Ол шешімдеріне шағым келтіру құқығы бар емес пе? Сот бар, прокуратура бар. Иә, Жанқош Тұрардың "крышасы" туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазған едік. Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұрардың  бірнеше ісін қысқартқан екен. Олар басынан-ақ істі жауып тастауға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын", – деп жазды Ләззат Ахатова.

Оның сөзінше, осыған дейін тергеу құпиясына кедергі келтірмес үшін көп дүниені жазбай келген. Баспасөз конференциясын да өткізбей, сұхбат та бермеген.

"Басында қоғам қыздың әрекетін түсінбей, Әнаруды кінәлап кеткен соң, полицияның ұрып-соққаны туралы, боксердың әйелі жалған ақпар таратып, "түнде звондайды" деп, жариялаған соң, түсіндіру мақсатында біраз жазғанымды білесіздер. Шет жағасын ғана. Ақыры тергеудің өзі осылай заңды белден басып отырса, мән-жайды ашық айтайын:

Әнару ешкімге жала жапқан жоқ! Оны Тұраров о баста алдап, құрығына түсіріп, есін білмей жатқанда зорлап, 6 жыл бопсалап келген! Туыстарына, таныстарына абыройсыз болудан қорыққандықтан, қыз бала амалсыз оның дегеніне көніп келген.

Ең сорақысы – осы уақытқа дейін айтылмай келе жатқан ақиқат Тұраров өзі мефедрон қолданғанымен қоймай (оның есірткіге әуес екенін таныстары түгел біледі екен) Әнаруды да мефедронға тәуелді етіп қойған! Бұл туралы арыз бергенде де, беттестіру кезінде де, жауап алу кезінде де Әнару айтқан. Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда тергеу органы сол кезде екеуінің де қандарын тексеруге сараптамаға жіберу керек еді. Оны жасамаған! Яғни тергеу органы қылмысты жасырған! Соның салдарынан екі ай өткен соң, біз есірткі туралы зерттеуді талап етіп, арызданып, қоймағасын, Тұраров жақында "қанында есірткі жоқ" деген анықтама апарып беріпті) Тамызда қолданған есірткі қаннан қазан айында дейін әрине көрінбейді. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, екі күннен кейін де қаннан көрінбейтін қымбат түрлері бар екен, мефтың", – деді заңгер.

Айтуынша, полиция Қылмыстық Кодекстің 120-бабы емес, 121-бабымен іс қозғау керек еді. Ол баптың жазасы ауырлау. 

"Тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаровтың айтуынша, сыртқы жақтан көрінбейтін де жағдайлар болады. Ал уақыт өткен сайын, іштегі жара жазыла бастайды да, зорлық белгісін анықтау қиынға соғады... Тергеу органының әрекеті де осындай нәтиже болу үшін әдейі жасалғанға ұқсайды. Мен арыз жазылғасын, 2 аптадан кейін бардым. Соған дейін Әнарудың қорғаушысы, құқықтық бағыт көрсететін адам болмаған. Соны пайдаланып, боксердың қылмысын жасыру мақсатында талай заңсыздық жасалған. Сараптама қорытындысымен Әнарудың бірнеше дене жарақаттарының болғаны расталып отыр. Кеш барса да, сол кезде күшпен түсірген жарақаттары кетпеген екен. Бұлар зорлық белгісі емей, немене сонда? Бізге тергеу органы істі қысқарту туралы Қаулыны берген жоқ! Таныстырған да жоқ! Яғни қылмыстық заң нормаларын белден басып отыр. Солай бола тұра, қысқарттық деп, кінәсі дәлелденбеді деп, БАҚ-тарға ақпарат беріп отыр. Жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы қайда қалды, сонда?! Мына заңсыздықтар қашанға дейін жалғасады?!" – дейді жәбірленушінің қорғаушысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу