ОҚО әкіміне тұрғындардан 1,5 мыңға жуық сұрақ келіп түсті

708

ОҚО әкіміне тұрғындардан 1,5 мыңға жуық сұрақ келіп түсті

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев "Әкім сағаты" хабарында екі сағатқа жуық тұрғындардың сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

"Ońtústik" телеарнасында өткен тікелей эфир барысында барлығы 1500-ге жуық сұрақ келіп түсті. Тұрғындардан сұрақтарды қабылдау үшін байланыстың барлық түрі қамтылды. Сұрақтар Call-орталық арқылы және WhatsApp желісі мен электронды пошта, сондай-ақ, тікелей трансляция жүргізілген Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің facebook-тегі ресми парақшасына да келіп түсті.

Оңтүстікқазақстандықтар жер, баспана алу, жұмыссыздық, шаһарды абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жолдарды жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қатысты сауалдар да көптеп жолданды.

Аталған сұрақтардың 423-і WhatsApp желісі арқылы, өзге әлеуметтік желілерден қосымша 215 сұрақ, ал Call-орталыққа 1287 адам телефон арқылы сауал жолдаған.

Айта кету керек, "Ońtústik" телеарнасы өткізген тікелей эфир кезінде бірден жауап ала алмаған көрермендердің сұрақтары толық тіркелді. Оларға мемлекеттік органдар міндетті түрде жауап береді. Сондай-ақ, осы жоба аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың берген тапсырмаларының орындалуы әкімдіктегі инспекторларының назарында болады.

Соңында әкім Оңтүстік жұртын 15 маусым күні өтетін Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу