Жануарларды қатыгездікпен өлтірген азаматтар қатаң жазаланады

755

Мәжілістің бірінші оқылымында қабылданған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасында жануарларды қатыгездікпен өлтіргендерге қандай шара қолданылатыны нақтыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жануарларды қатыгездікпен өлтірген азаматтар қатаң жазаланады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасының негізгі ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізуді ұсынды.
Нақтылайық, түзету Қылмыстық кодекстің 316-бабын толықтырып, жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейді. 

"Бірінші бөлімде жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Екінші бөлімде жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездігі үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу ескерілген", – деді Серікқали Брекешев. 

Министрдің мәлімдеуінше, адамдар тобы алдын ала сөз байласып, жануарларға қатыгездік танытатын және оны көпшілікке жариялап, насихаттайтын болса, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Сонымен қатар бір жылға дейін бас бостандығынан айрылу, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айрылу жазасына кесілуі мүмкін. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу