Қырғызстанда орыс тілінің ресми мәртебесі сақталады. "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында мерзімінен бұрынғы президент сайлауында жеңіске жеткен Садыр Жапаров осылай деді.
"Орыс тілі ресми мәртебеге ие және солай болып қалады", – деді ол.
Жапаров Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдің Қырғызстанның "одақтас, жақын серіктесіне" айналғанын, екі ел арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын, сондықтан "Ресеймен арадағы жоғары дипломатиялық қатынастар жалғасатынын айтып өтті. Сонымен қатар ол "барлық қырғызстандықтар Ресейсіз өте қиын болатынын білетінін, өйткені экономикалық, геосаяси тұрғыда Ресей – елдің басты одақтасы және серіктесі" деген мәлімдеме жасады.
Еске сала кетсек, 10 қаңтарда Қырғызстанда мерзімінен бұрынғы президент сайлауы мен басқару формасын таңдау туралы референдум өтті. Саяси додаға17 үміткер қатысып, дауыстың шамамен 79%-ын Садыр Жапаров жинады.
Президенттік басқару формасын азаматтардың 80%-дан астамы таңдады.
24.kg басылымының дерегінше, Жапаровтың инаугурациясы 21 және 28 қаңтар аралығында өтуі мүмкін. Нақты мерзімі әзірге жарияланбады.
Табиғат Нұрболат