29 наурыз күні Токиода екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылуының 25 жылдығына арналған Жапония парламентінің Қазақстанмен достық лигасының жиналысы өтті. Қазіргі уақытта лига кеңестер палатасы мен өкілдер палатасының 40-тан астам депутатын, оның ішінде Жапония министрлер кабинетінің мүшелерін біріктірді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Іс-шараға депутаттардан тыс, сыртқы істер министрлігінің, экономика, сауда және индустрия министрлігінің, сондай-ақ Жапония сыртқы сауда ұйымының өкілдері қатысты.
Жапониядағы Қазақстан елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің соңғы үрдістері жөнінде Жапон заңын шығарушыларды таныстырды.
Лига төрағасы, билеуші Либералды демократиялық партияның (ЛДП) көрнекті саясаткері Такео Кавамура Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы ресми сапарының тарихи мәнге ие екенін, сондай-ақ екі ел арасындағы саяси байланыстың жоғары қарқынын сақтаудың маңызды екенін айтып өтті.
ЛДП бас хатшысының орынбасары Акира Сато Қазақстандағы саяси-экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Оның арқасында Астанада, Орталық Азияда алғаш рет "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі өткізіледі.
Жапония парламенті кеңестер палатасы арнайы комитетінің директоры Сацуки Катаяманың айтуынша, тәуелсіздік жылдары Қазақстан жүргізіліп отырған реформалардың тиімділгін көрсетті. Соның нәтижесінде Жапониямен өзара пайдалы экономикалық әріптестікті кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашылды.
Лига жиналысының қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар "ЭКСПО-2017" өткізілетін күндері Астанаға Жапония парламенті делегациясының сапарын ұйымдастыратынын жеткізді.