Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабата 2016 жылы Қарағанды облысына үш мәрте құпия сапар жасаған. Бұл туралы дипломат аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековпен ресми кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"2016 жылдың сәуір айының басында мен Қазақстанға келдім. Қазан айында ел президентінен сенім грамотасын қабылдадым. Дипломатиялық ережеге сәйкес, сенім грамоталарын алғанға дейін елші тікелей байланыстар жасамауға тиіс, бұл әкімдіктермен байланысқа да қатысты ереже. Сол себепті менің сізбен кездесу туралы өтінуге мүмкіндігім болмады. Бұл менің Қарағандыға төртінші мәрте келуім, өткен жылы құпия түрде үш рет сапарлап келгенмін", – деді Итиро Кавабата.
Дипломаттың айтуынша, өткен жылдың жазында ол жапон әскери тұтқындары жерленген Спасск мемориалдық кешенінде және Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде болған.
"Мен жерлестерімнің зираттарына жиі барып тұрамын. Долинка мұражайында тарихтың қаралы беттері туралы хабардар болдым. Сондай-ақ, Қарағанды облысының билігі және жергілікті тұрғындар біздің жерлестеріміз жерленген орындарды күтіп, қамқорлықпен қарайтынын байқадым, – деді Итиро Кавабата. – Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қарағандылықтарға алғысымды айтқым келеді".
Енді бір жолы елші Ақтас елді мекеніне барып, сталиндік лагерьлерден босап шыққан соң Қазақстанда қалған 86 жасар Ахико Тецуромен кездескен. Ал үшінші сапары ХҒС экипажымен бірге жерге оралған жапон астронавты Такуя Онисиді қарсы алумен байланысты болған.
Аймақ басшысымен кездесудің алдында жапон елшісі Қарағандыда "Қазіргі әлемдегі ғылым және білім" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасады.
Нұрмұхамбет Әбдібеков шетелдік мейманға Қарағанды облысын таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп берді. Облыс әкімі жер қойнауын пайдалану, металлургия, агроөнеркәсіп кешенінде ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жапон кәсіпкерлерін "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызмет етуге шақырды.
"Өткен жылы біздің облысқа жапониялық "JOGMEС" компаниясының делегациясы келіп кетті. Бүгінде "Қазгеология" ұлттық компаниясымен бірлесіп Қарағанды облысының Қызымшек учаскесінде сирек кездесетін жер металдарын барлау жұмыстары жүргізілуде. Біз осы жобаның дамығанын қалаймыз және қолдау көрсетуге әзірміз", – деп сендірді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол Жапониямен гуманитарлық және мәдени байланыстарды тереңдетуге шақырды.
"Қазақстанда 45-ке тарта жапниялық компания жұмыс істейді, соның 80% Алматыда орналасқан. Мен жүйелі түрде кездесіп тұратын жапон іскерлері бар. Осы сапардан кейін Қарағанды облысымен ынтымақтастық туралы айтып жүретін боламын", – деп уәде етті Итиро Кавабата.