Жапония Қазақстан азаматтары үшін келу визасын рәсімдеу мен елде болу мерзімін ұзарту тәртібін жеңілдеткенін мәлімдеді. Мұны сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Жапонияның сыртқы істер министрі Фумио Кисидоның кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың қарашасында Жапонияға мемлекеттік іссапары аясында қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыру барысын қарастырып, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашақтағы бағытын, көпжақты форматтағы өзара әрекеттестік, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысы аясындағы күштерді үйлестіруді қоса талқылады.
Қайрат Әбдірахманов жапон әріптесін Қазақстанның сауда-экономикалық, инвестициялық, транзит көлік саясатының басымдығымен таныстырды.
Жапония министрі екіжақты форматтағы өзара әрекеттестікті қозғау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының, соның ішінде еліміздің көлік транзит әлеуетінің тартымдылығы мен оның өзектілігін айтты. Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесінде Жапония өзінің жаңа технологиялық зерттеуін ұсынады.