Жапония Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы санкциялар тізімін кеңейтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Nikkei ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Жапония үкіметі Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін мақұлдады. Шектеулер тауарлардың 335 түрін қамтиды. Оның ішінде машина бөлшектері мен химиялық заттарды экспорттауға тыйым салынады. Ресейдің 11 жеке тұлғасының, 29 заңды тұлғасының және үш банктің активтеріне, сондай-ақ КХДР-дің бір азаматы мен Грузияның бір банкінің активтеріне шектеу қойылды.
Бұдан бөлек алты елдің компаниялары Токио санкциясына ұшырады. Оның ішінде бір қазақстандық ұйым бар. Жапония Сыртқы істер министрлігінің сайтында бұл Астанада орналасқан "Da Group 22" ЖШС деп көрсетілген.
Тізімге Қытай, Түркия, Қырғызстан, БАӘ мен Таиландтың компаниялары да енген.