Жапония мен ЕО Қазақстанның жүк тасымалдау саласын дамытатын болды

Көлік министрлігі елдің осы бағыттағы әлеуеті қалай артатынын айтып берді.  

Жапония мен ЕО Қазақстанның жүк тасымалдау саласын дамытатын болды Фото: gov.kz

Ведомствоның мәліметінше, Жапония үкіметінің гранттық көмегі есебінен 2027 жылы Ақтау портында кедендік рәсімдерді жеңілдету мақсатында стационарлық инспекциялық-тексеру кешенін орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еуропалық одақ та осы теңіз айлағындағы №3 және №12 айлақтарды реконструкциялау жобасына грант бөліп жатыр. Көрсетілген көмек аясында жүктерді қайта тиеуге арналған техника, оның ішінде желге төзімді STS-крандары сатып алынады. Бұл қолайсыз күн райы жағдайында порттардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек, еліміздегі теңіз арқылы жүк тасымалын дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб құрылып, айлақ акваториясында түбін тереңдету жұмыстары басталды.

Құрық портында №1 және №2 айлақтардың көтергіш-көтермелі көпірлері жаңғыртылды. Сондай-ақ, "Ерсай" контейнерлік терминалы салынып жатыр.

Отандық сауда флотын ұлғайту мақсатында сегіз кеме жасалуда. Оның төртеуі – Баку кеме жасау зауытында, тағы төртеуі Қытайдың Jiangsu Haizhongzhou Shipping Industry Ltd. компаниясында құрастырылуда. Қазақстандық контейнер тасымалдаушы кемелердің өткізу қабілеті жылына 220 мың ДФЭ-ге дейін артады деп күтіледі.

Сонымен қатар, транзитті үздіксіз қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) цифрландырылып жатыр. Қазірдің өзінде Digital Trade Corridor IT-платформасы құрылып, Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол жүйелерімен интеграциялау жұмыстары аяқталды.

Көлік министрлігі Қазақстан порттары ТРАСЕКА, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ, Орта дәліз) және "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқанын атап өтті. Олар Қазақстанды басқа мемлекеттермен байланыстырып, халықаралық сауданың дамуына ықпал етеді. Осыған байланысты аталған жобалар Қазақстанның Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу