Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жер сілкінісіне салдарынан Қазақстанға келмеуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты NTV басылымына сілтеме жасап.
8 тамызда Астана уақытымен сағат 12:42-де магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпу ошағы Жапонияның Кюсю аралының оңтүстік бөлігінде, Миядзаки қаласынан солтүстік-батысқа қарай 14 шақырым жерде орналасқан.
Бұған дейін Жапонияның метеорологиялық агенттігі Кюсю аралының оңтүстік бөлігіндегі жер сілкіністерінен кейін Жапонияның Тынық мұхиты жағалауындағы Нанкай жарығында тағы бір жойқын жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары екенін ескерткен.
Еске салайық, Жапония премьер-министрі Фумио Кишида Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9-10 тамызда Қазақстанға сапармен келуді жоспарлаған болатын.
9 тамызда Астанада "Орталық Азия + Жапония" диалогының бірінші саммиті өтеді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония премьер-министрі Фумио Кишида арасындағы екіжақты келіссөздер 10 тамызға жоспарланған", - деп хабарлады Ақорда.