Жапония үкіметі қараша айының соңында табиғи апаттан зардап шеккен Шри-Ланкаға 2,5 миллион доллар көлемінде шұғыл көмек береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги сейсенбі күні айтты. Шұғыл көмек халықаралық гуманитарлық ұйымдар арқылы азық-түлік пен күнделікті қажетті заттар түрінде көрсетіледі. Шри-Ланкада соққан циклонның салдарынан көшкіндер мен су тасқындары болып, көптеген адам қаза тапты.
Мотэги баспасөз мәслихатында Жапония Шри-Ланкаға зардап шеккен аймақтарды мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге әрі қайта құруға қолдау көрсетуді жалғастыратынын да мәлімдеді. Сондай-ақ, министр жапондық мамандар тобының Шри-Ланкада екі апта ішінде 1250-ге жуық адамға медициналық көмек көрсетіп, елге оралғанын хабарлады.
Бригаданың орынбасары, Тэйкё университетінің профессоры Такэто Куродзумидің сөзінше, жергілікті ауруханалар Жапониядан мамандар келген кезде науқастарға көмек көрсетуге мұршасы болмаған. Олардың тобы келген сәттен бастап бірден науқастарды қабылдай бастаған.
Шри-Ланка үкіметі табиғи апаттан 643 адам қаза тапқанын хабарлады. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы елдің шамамен 20% аумағын су басқанын, 2,3 миллион адамның зардап шеккенін айтты.