Жапония Ресей Федерациясының Украинаға қарулы шабуылынан кейін бұғатталған Ресей активтерінің тәркіленген пайызы есебінен Украинаға 3,3 миллиард доллар несие бөледі, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
Аталмыш қаражат– Киевке жәрдемдесу үшін "Үлкен жетілік" елдері келіскен 50 миллиардтық пакеттің бөлігі. Бұл туралы Жапонияның Kyodo ақпарат агенттігі дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Қол жеткізілген келісімге сәйкес, АҚШ пен Еуропа Одағы Украинаға 20 миллиард доллар, ал Жапония, Ұлыбритания мен Канада тағы 10 миллиард доллар береді.
Бұл пакет шілде айында Бразилияда өткен "Үлкен жиырмалық" қаржы министрлерінің конференциясында ресми түрде мақұлданады деп күтілуде.