Сейсмологтардың мәліметінше, жер асты дүмпулерінің ошағы Иватэ префектурасының шығыс жағында, 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Алғашқыда жер сілкінісінің қуаты 6,5 деп хабарланған, кейін көрсеткіш 6,7 екені нақтыланды.
Жер сілкінісінен кейін бірден Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауларында цунами қаупі туралы ескерту жарияланған, алайда біраз уақыттан соң алынып тасталды. Дегенмен билік тұрғындарға жағалау маңына жақындамауға кеңес беріп отыр.
Қазіргі уақытта ел аумағындағы атом электр станцияларында төтенше жағдай тіркелмеген. Сондай-ақ, қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити кеңсесінде төтенше жағдайға байланысты арнайы дағдарыс штабы құрылып, жер сілкінісіне қатысты ақпаратты жинау және құтқару қызметтерінің жұмысын үйлестіру басталды.