Осыған байланысты ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жапондық "Джатеко" компаниясы өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында Қазақстанның зығыр және өзге де май түрлерін Жапонияға экспорттау мүмкіндіктері қарастырылды. "Джатеко" компаниясының директоры Антон Кимнің айтуынша, қазақстандық зығыр майының сапасы жоғары бағаланып, оның денсаулыққа пайдалы қасиеттері өнімнің Жапонияда кеңінен танылуына ықпал еткен. Жапон тұтынушылары қазақстандық зығыр майын күнделікті рациондарының маңызды бөлігіне айналдырған.
Жапонияның жыл сайынғы зығыр майына қажеттілігі шамамен 10 мың тоннаны құрайды – қазіргі экспорт көлемінен айтарлықтай көп. "Джатеко" компаниясы сұранысты қанағаттандыру мақсатында қазақстандық зығыр майының импортын жылына 3 мың тоннаға дейін ұлғайтып, сафлор және мақта майларын жеткізу көлемін де арттыруды жоспарлап отыр.
Кездесуде сондай-ақ логистика мәселелері талқыланды. Вице-министр Айжан Бижанова Қазақстанның Азия елдерімен тұрақты тауар айналымын дамытуға мүдделі екенін және жеткізу тізбегін оңтайландыру үшін ҚР Көлік министрлігі мен "ҚТЖ" ҰК" АҚ-мен жұмыс кеңестері ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар Жапониямен серіктестікті тиімді ете түспек.
2024 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанның өсімдік майларын Жапонияға экспорты 4,5 есе өсіп, 93 тоннаға жетті, ақшалай бірлікте 122,4 мың АҚШ долларын құрады. Экспорттың негізгі бөлігін зығыр және күнбағыс майлары құрайды, бұл Қазақстанға әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда, Қазақстанның осы сектордағы сыртқы сауда айналымы 321,9 миллион долларды құраса, оның ішінде 297,5 миллион доллар экспортқа тиесілі.
Сонымен қатар, жапондықтар арасында қазақстандық сафлор мен мақта майларына да қызығушылық артуда. Бұл өнімдерге Жапонияның жылдық қажеттілігі сәйкесінше 4 мың және 5 мың тоннаны құрайды. "Джатеко" компаниясы сафлор майының жеткізу көлемін 1 мың тоннаға, мақта майын 2,5 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Айжан Бижанова қазақстандық өнімдерге деген қызығушылықтары үшін жапондық серіктестеріне алғыс білдіріп, Жапониямен сауда-экономикалық қатынастарды әрі қарай тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.