Жапонияның Токио маңындағы Сайтама елдімекенінде тұратын 30-40 жас аралығындағы ер адам Mpox ауруынан қайтыс болды, бұл жайт елде алғаш рет тіркелді. Бұл туралы Жапония денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, ер адам иммун тапшылығы вирусын жұқтырудан туындаған сырқаттан зардап шеккен.
Ер адамға қыркүйек айында жергілікті ауруханада Mpox диагнозы қойылып, екі айдан кейін ол қайтыс болған.
Жапонияда Mpox ауруы алғаш 2022 жылдың шілдесінде тіркелген. Денсаулық министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 3 желтоқсанындағы жағдай бойынша елде бұл сырқатпен ауыратын 227 науқас тіркелген.
Осы жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа инфекциялар санының төмендеуіне байланысты маймыл шешек деп аталатын Mpox бұдан былай қоғамдық денсаулық сақтаудағы төтенше жағдайға жатпайды деп хабарлаған болатын.