Жапония тұрғындары Токиодағы үкімет басшысының ресми резиденциясының алдына жиналып, премьер-министр Санаэ Такаитидің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
100-ге жуық адам плакаттар ұстап, "Такаити отставкаға кетсін", "Дипломатия қолынан келмейтін адам премьер-министр болуға лайық емес" деген ұрандар айтқан. Осылайша наразы топ Санаэ Такаитидің соңғы мәлімдемелеріне қатысты наразылығын айтқан.
7 қараша күні Парламенттің отырысында Такаити Қытайдың материктік бөлігі Тайваньға қарсы әскери кемелер мен қарулы күштерді қолданған жағдайда, бұл Жапонияға қауіп төндіретін жағдай болуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша бұл елдің өміріне қауіп төндіретін жағдай деп танылса, Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын пайдалана алады.
Кейін премьер-министр бұл мәлімдеме жапон билігінің бұрыннан бергі ұстанымына сәйкес екенін, олардан бас тартпайтынын жеткізді.
Жапониядағы Қытайдың елшісі У Цзянхао жұма күні елдің сыртқы істер вице-министрі Такэхиро Фунакосимен кездесті. Ол премьер-министр Санаэ Такаитидің ҚХР-ға қатысты айтқан сөздеріне байланысты ресми түрде наразылығын білдірді.
Айта кету керек, бұған дейін Жапония Үкіметінде тарихи оқиға тіркелгенін жазғанбыз. Ел үкіметін алғаш рет әйел адам басқарады.