Жапониядағы "Хагибис" тайфуны құрбандарының саны өсіп жатыр (видео)

1330

Ресми дерекке сүйенсек, 16 адам із-түзсіз жоғалып, 189 адам түрлі деңгейде жарақат алған. 

Жапониядағы "Хагибис" тайфуны құрбандарының саны өсіп жатыр (видео)

Соңғы дерек бойынша, ажал құшқандар саны 40-қа жеткен. Бұл туралы жергілікті NHK басылымы хабарлады.

Қазір апаттан зардап шеккен аймақта құтқару, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Ресми дерекке сүйенсек, 16 кісі із-түзсіз жоғалып, 189 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Елді мекендегі үйлердің 136 мыңы сусыз, ал 4,3 мыңы жарықсыз қалған. 

Ойран салған тайфун мен толассыз жауған жауын-шашынның арты лай көшкініне ұласып, өзендер арнасынан шығып, Токио маңынан Жапон теңізі жағалауындағы Ниигатаға дейінгі аймақ су астына қалды. 

Сұрапыл дауыл кесірінен тоқтап қалған Никко ауданындағы жүрдек пойызының қозғалысы қазір қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал "Нарита" әуежайындағы рейстер әлі де кейінге шегерілуде. 

Қазір Жапония полицейлері, өрт сөндірушілері мен қорғаныс күштері елдің 11 префектурасында іздеу-құтқару операцияларын жүргізіп жатыр. 30 мыңнан астам тұрғын эвакуациялық орталықтарға орналастырылған. 

Жергілікті метеорологтардың дерегінше,  көптеген аудандарда жылдық жауын-шашынның 40 пайызы небәрі 2 күнде жауып тастаған. 

Жапонияның жер және көлік министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Нагано префектурасында орналасқан Синано өзеніндегі дамбалар және осы аймақтағы жолдар қирап қалды. Бұл аудандағы су деңгейі кей жерлерде тіпті 2-3 метрге дейін жеткен. 

Сайтама префектурасындағы медициналық мекемені су басты. Мамандар жойқын желден 220-дан астам науқас пен қызметкерді құтқарып қалған. 

Елдегі жағдайға байланысты ел премьер-министрі Синдцо Абэ су астында қалған аймақтарға сорғы көліктерді көбірек жіберу туралы бұйрық берді. Оның айтуынша, қазір 110 мыңнан астам полицей, өрт сөндіруші мен қорғаныс күштерінің қызметкері операцияға жұмылдырылған. 

Ал сарапшылар апаттан қанша шығын келгенін анықтауда. Мамандардың айтуынша, дүйсенбі күні тағы да жауын-шашын жаууы мүмкін. Жергілікті билік арнасынан асып жатқан өзендер маңындағы халыққа сақ болып, лай көшкініне дайын тұруларын ескертті. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу