Жаппай төбелеске қатысқан бірнеше адам ұсталды

734

Қарағандының облыстық прокуратурасы төбелес екі топ арасында пайда болғанын, ұлтаралық араздық сипатында болмағанын мәлімдейді. 

Жаппай төбелеске қатысқан бірнеше адам ұсталды

1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим" мейрамханасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Оқиға барысында бір адам қаза болып, тағы үшеуі түрлі деңгейде жарақат алған, деп хабарлайды Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтемемен ҚазАқпарат.

Ведомствоның хабарлауынша, тәртіп сақтау органдары Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғады. Қазіргі сәтте тергеу жұмыстарының нәтижесінде төбелеске қатысқан 3 адам ұсталып, 1 адамға іздеу жарияланды. 

Бұған қоса, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде аталмыш жанжал туралы күмәнді ақпарат таратылуда. Онда оқиға кезінде екі адам қайтыс болғаны және жанжал ұлтаралық араздық негізінде пайда болды деп жазылған.

Облыстық прокуратура төбелес екі топ арасында пайда болғанын және ол ұлтаралық араздық сипатында болмағанын мәлімдейді. Себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған.

"Азаматтарды үгіттеулер мен үндеулерге берілмей, тергеу органдары тарататын анық ақпаратты қадағалауларын өтінеміз. Заңнаманы бұзудың алдын алу мақсатында қасақана ұлтаралық араздық пен қастастықты өршітуге бағытталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ақпараттандырамыз", – делінген хабарламада.   

Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Тергеу барысы облыс прокурорының ерекше бақылауына алынды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу