СOVID-19 вирусын жұқтырғандар саны көбейіп жатқанына және әлі де тоқтала қоймаған карантин шараларына қарамастан құқық қорғаушылар әлі де ереже бұзғандарды қамауға алып жатыр. Бұл туралы Energyprom.kz басылымы хабарлады. Мысалы, Алматыда шамамен 350 адам әкімшілік жазаға кесіліпті. Оның 172-сі қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынған.
Полиция өкілдері карантин кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің саны азаяды деп отыр. Бірақ бұл шараларға дейін де көрсеткіштің төмендегенін алға тартты. Мысалы, 2020 жылдың қаңтар және ақпан айларында 68,3 мың құқық бұзу фактісі тіркелген. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 17,8 пайызға аз.
"Трансұлттық қылмысқа қарсы жаһандық бастама" халықаралық ұйымының баяндамасы бойынша, коронавирус пандемиясымен күреске бағытталған шаралардың салдарынан қазір әлемде ұйымдасқан қылмыс саны азайған екен.
Әлеуметтік оқшаулану және карантин көшеде жасалатын қылмыс деңгейін төмендеткен: адам өлтіру фактісі азайып, қаскөйлердің қашуын тежейтін патрульдердің саны артқан. Сонымен қатар көлік ұрлау, заңсыз есірткі саудасының да жолы кесіліп отыр.
Табиғат Нұрболат