"Үш сарбаз жабылған": Жаркентте әскери бөлімше капитанының мәйіті табылды

12072

Жетісу облысы Жаркент қаласында 14 қарашаға қараған күні 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы, капитан Дархан Дәулет көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Үш сарбаз жабылған": Жаркентте әскери бөлімше капитанының мәйіті табылды Фото: Жеке парақшасынан

Әскеридің жақындары оны үш сарбаз майордың тапсырмасымен соққыға жығып өлтірді дейді. Ал Қорғаныс министрлігі мұндай нұсқаны жоққа шығарып отыр. Марқұмның әпкесі Гүлмира Мәулетқызы істің әділ өтіп, толыққанды ақпараттың саралануын талап етеді.

14 қараша сағат 01:00 шамасында 74261 әскери бөлімін бақылау тобының құрамында жетекшілік ететін 26 жастағы Дархан Дәулеттің мәйіті табылды. Желіде тараған ақпарат бойынша, жігітті 3 сарбаз жабылып соққыға жыққан.

Әпкесі жігіттің Жаркенттегі әскери бөлімде қызмет еткеніне небәрі 3 ай болғанын айтты. Бұған дейін Отарда, Алматыда қызмет етіпті. Өзі жаркенттік болғандықтан осы жерге ауысқысы келген.

"Дәулет – үйінің тұңғышы. Сол үшін ата-анасының жанында оларға қолғабыс еткісі келіп жүрді. Сәті түсіп, қыркүйекте ауысты. "Енді жұмысың қалай, ұнап жатыр ма?" деп сұрағанымда, "болады, ақырындап" деп қысқа қайыратын. Тіпті үйленіп, отбасылы болып та үлгермеді", – деді әпкесі.

Дәулет Дарханның жақындары істің қай баппен қозғалғанынан, тергеу бойынша істің мән-жайынан хабарсыз. Қорғаныс министрлігі бәрін жасырын ұстап отыр дейді. Олар тек сот-медициналық сараптама қорытындысын күтіп отыр.

Алайда оларға жеткен және желіде тараған ақпарат бойынша, үш сарбаз Дәулетке тиісіп, араларында жанжал шыққан. Ал тағы бір нұсқа бойынша объектілердің диверсияға қарсы жоспардан тыс оқу-жаттығуларды өткізу кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылып, оқыс оқиға болды.

"Қатардағы жауынгерлер Н, Б, А капитанға жабылған дейді. Содан соң аяқ-қолын байлап, 74261 әскери бөлімінің спорт қалашығына қарай апарып, оны сол жерде қалдырып кеткен. Дәулеттің ес-түссіз жатқанын спорт қалашығының жанынан өтіп бара жатқан аға лейтенант Сүйіндік байқаған. Ол наряд пен кезекші дәрігерді шақыртты. Жедел жәрдем келгенше ол мерт болып кетті. Сарбаздарға Дәулетті ұрсын деп әскери бөлімнің командирі майор Қазтай тапсырма берген дейді", – деді Гүлмира Мәулетқызы.

Мәулетқызы аталмыш ақпарат сондағы әскерилер арасында тарап жатқанын айтады.

"Өлімнің алдын ала себебі қылқындыру дейді. Офицерлер чатында қауіпсіздік ережесі бұзылған деп жазылды. Сол кезде Дәулеттің аяқ-қолын байлап, сыртқа шығарып тастаған деп айтады. Шындық ашылмай қалады деп қорқамыз. "Абайсызда кісі өлімі" немесе "Қауіпсіздік шараларын бұзу" деп жалтарып кететін сияқты, бірақ ол қисынға сыймайды", – деді марқұмның жақыны.

Stan.kz тілшісі қорғаныс министрлігіне хабарласып, осы жағдайға қатысты пікір сұрады.

"14 қарашада диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан мерт болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оларға барлық қажет көмек көрсетіледі", – деп мәлімдеді құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі Меруерт Мақашева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу