Жаркент қаласындағы жағымсыз иіс мәселесі шешіледі – Экология министрлігі

1518

Жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға тарайтын жағымсыз иіске бірнеше рет шағымданған.

Жаркент қаласындағы жағымсыз иіс мәселесі шешіледі – Экология министрлігі

Экология министрлігінің арнайы комиссиясы өңірге жолға шықты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

 "Біз қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, іркіліп қалған ластаушы заттардың барын анықтадық. Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе оның жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында. Қалалық, коммуналдық тазарту нысандарына сенген. Алайда 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, кәсіпорынға өз қызметін ұсынудан бас тартқан. Коллектор ол көлемге шыдас бермеген. Сондықтан компания коллекторын салғанмен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберген", – дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.

Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңында быжып, бүлінген иіс шыға бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болғандықтан, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегуде.

Экология министрлігі жүргізген тексеру барысында, кәсіпорынның тиісті экологиялық сараптамасыз жұмыс істегені белгілі болды. Сол үшін оған айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдап отыр. Шығарынды деңгейінің шамадан асуы расталса, онда шығарынды төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады.

Бұдан басқа, министрлік кәсіпорын шығарындысы төгілген сүзу алаңын қалпына келтіруді талап етуде.

Ал компания тазарту құрылыстарының салынып жатқанын айтып, оны тамыз айында іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Кәсіпорын өндірісті өз еркімен әзірге тоқтата тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу