Жаркентте жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болған

1326

Полиция оқиғаны растап, ақпарат таратты. 

Жаркентте жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болған

Әлеуметтік желіде Алматы олысының Жаркент ауданында жастар арасында жаппай төбелес болғаны туралы ақпарат тарады. 

Бейресми ақпаратта мектептегі балалар арасындағы төбелесте оқушы талып қалған. Сол жағдайды видеоға түсіргендердің кадр сыртындағы пікірі үлкендердің наразылығына ұласқаны айтылады. Сонымен қатар видеолардың бірінде жергілікті екі ұлт арасында қақтығыс болғаны туралы да айтылуда. 

Жаркент ауданындағы Пенжім ауылында жасөспірімдер арасындағы төбелес болғанын Алматы облыстық ПД растап отыр. 

"Алматы облысының Полиция департаменті 27-қазан күні Панфилов аудандық орталық ауруханасына Пенжім ауылындағы мектеп аумағынан 16 жасар жасөспірімнің дене жарақатымен келіп түскенін хабарлайды. Тексеру барысында 9 және 10-сыныптың екі оқушының арасында ауызша дау-дамай туып, арты оқушылар арасындағы төбелеске ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды", – деп жазылған ПД таратқан ақпаратта.

Полицияның хабарлауынша қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Ауыл азаматтарымен аудан әкімі, ақсақалдар және Алматы облысы ПД басшысы тарапынан кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жағдай бақылауда.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу