Астаналықтар бүгін ауылшаруашылық жәрмеңкесінен жауар бұлттай түнеріп қайтты. Мұндағы баға сан құбылып, тұтынушылардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды 24.kz.
Осы аптада елордаға ат терлетіп, қызылордалық кәсіпкерлер келген. Олар Сыр өңірінен әкелген 200 тонна өнімді Астанадағы базарлардың бағасымен саудалаған. Осылайша, "бір құмалақ бір қарын майды шірітті".
Елордалықтар жәрмеңкедегі азық-түліктің қымбатқа саудаланғанына ашулы.
"Мұндағы ауылшаруашылық өнім базар бағасымен сатылып жатыр", – деп налиды тұтынушылар. Қызылорда облыстық әкімдігінің өкілі "бағаны аспаннан алып қойған жоқпыз" деп өз уәжін айтты.
– Біздегі баға негізінен Астанамен келісілген. Астана "Шапағаттың" бағасымен ұстауға рұқсат берген,сол бағамен сатып жатырмыз. Мысалы, 1600 теңгеден жылқы еті сатылып жатыр. Қызанақ 350 теңгеден, қияр 200 теңгеден сатылып жатыр. Бұл жерде баға қымбат емес, - дейді Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.
Халықтың наразылығынан кейін саудагерлер бағаны аздап түсіре бастады.