Жәрмеңкенің жыры бітпей тұр

974

Жәрмеңкенің жыры бітпей тұр

Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтетін жәрмеңкеде сатылатын өнімдер бағасы соншалықты арзан емес. Дегенмен өткен аптада аспанға ұшып кеткен бағалар сәл де болса төмендеген, деп хабарлайды .otyrar.kz.

Мәселен, өткенде 280-нен сатылған қияр бұл жолы 180-200 теңге, 400 теңге болған алмалар 200-280 теңгеге саудалануда. Қызанақты 150 теңгеге де, 100, тіпті 80 теңгеге сатып жатқандар да бар. Жылқы еті мұнда 1 300 теңге, тай еті 1 000 теңгеден де сатылды.
Ал базар нарқынан 15-20 пайызға төмен саудаланғаны күркетауық, шұшық өнімдері ғана. Мұнда кезекке тұрғандардың қарасы қалың. Жәрмеңкедегі баға бағамы жайлы сауал тастағанымызда "қалтаға қонымды, болады" дегендер де, "удай қымбат" деп реніш білдіргендер де табылды. Осылайша жәрмеңкедегі баға туралы тұрғындардың пікірі екіге жарылды.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары бағаны көтермеу үшін барынша жұмыс жасап жатқандарын айтты. Стадионға кіреберіс тұста қоршау қойылыпты, алыпсатарларды мұнда кіргізбеу жағына да баса назар аударылуда екен. Жәрмеңкеде адам қарасы қалың, автотұрақта кептеліс орын алған. Әрине, азық-түлікті, жеміс-жидекті өзіндік құнынан төмен сатуға ешкім де келіспесі анық. Дегенмен жәрмеңкеге лайықты бағаны ұстану қажет-ақ. Ол үшін сатушыларға біршама жеңілдіктер қарастырылған. Мұндағы орын үшін, тұрақ үшін ақы алынбайды.
Қала тұрғындарының наразылығын тудырып, жәрмеңкені базарға айналдырып жібермес үшін жауапты органдар әлі де тиімді тұстарды қарастырып, көбірек жұмыс істеуіне тура келіп тұрған сыңайлы. Әрине ырыққа көнбейтін нарық бар, дегенмен "күн бар жерде көлеңке қалмайтынын" ескерсек жәрмеңкенің "жырына" нүкте қоюға болады-ақ… Ол үшін бағаны бағындырып, қымбатшылықты құрықтауға сеп боларлық тиімді тәсілді табу жауаптыларға сын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу