Жарнама сайты арқылы көліктің нөмірі оңай сатылып келген

1336

Қарағандыда мамандар құпия сатып алушыны кірістіру арқылы автокөліктің мемлекеттік   нөмірінің көшірмесін жарнама сайтынан оп-оңай сатыпалуға болатынын анықтады.

Жарнама сайты арқылы көліктің нөмірі оңай сатылып келген

Бүгінде жарнама сайттарының бірінде көлік нөмірінің көшірмесі сатылады деген жарнама толып жүр. Бұл жарнаманы көрген қоғам өкілдерімен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Қарағанды облысы департаментінің мамандары шара қолдануға көшкен. Олар құпия сатып алушы ретінде сатушыға хабарласып бір нөмірге тапсырыс берген. Сатушы еш қымсынбастан мұндай нөмірдің үш күн ішінде дайын болатынын мәлімдепті. 

Сатушы автокөліктің кез келген нөмірінің көшірмесіне тапсырыс бергенде, оның құны 19 мыңнан асатынын әрі Қарағандыға жеткізгені үшін 4 мың теңге қосымша ақы алатынын мәлімдеген. Сондай-ақ сатушы тех паспорттың фотосын сұрапты. Оның айтуынша, мұндай нөмірлерді Ресеймен Беларусьте жасайды.

Ал шын мәнінде, көлік жүргізушісі нөмірді жоғалтып алып, оның көшірмесін алғысы келсе, тиісті органдарға өтініш жазып, дайын болғанша бір айдай күтеді.

"Мемлекеттік нөмірді құзырлы орындар ғана бере алады. Ол Азаматтарға арналған үкіметте мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асырылады. Республика бойынша бір ғана орган нөмірлерді жасауға құқылы болып табылады", – деп мәлімдеді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Қарағанды облысы  департаменті бастығының орынбасары Берік Ахметов.

Мамандар мұндай нөмірлердің, әсіресе ескі үлгідегісін заңсыз алу мүмкін емес екенін айтады. Өз көлігінің нөмірін жоғалтып алғандар осындай оңай жолмен тапсырыс беріп, нөмірдің көшірмесін алуға сұраныс білдіруі мүмкін.

Мұндай жағдай елімізде алғаш рет орын алған. Департамент мамандары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының және Қазақстанда мемлекеттік нөмірді жасап шығаратын жалғыз мекеменің мамандарының бұл алаяқтық іске қатысы болуы мүмкін деген болжамдарын білдіреді. Енді бұл істі полиция департаментіне өткізбек. Мамандар егер шын мәнісінде көлік нөмірлерінің көшірмесі шет елден жеткізілген болса, онда бұл жайт халықаралық  дауға ұласуы мүмкін деген пікірлерін білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу