Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген вокзал жаңартылды

875

Петропавлда теміржол сапаржайы үш жылдық жаңғыртудан өтті.  

Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген вокзал жаңартылды

Облыс орталығындағы сапаржай 1966 жылы салынған болатын. Сол уақыттан бері ара-тұра ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, қайта жаңғырту болған жоқ. Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында ғимараттың әбден тозығы жетіп, жолаушыларға қиындық пен қолайсыздық тудыра бастады.  Бүгінде Петропавлдағы станция "Ресей теміржолы" компаниясына қарайды. Жаңартуға қажет 2,75 млрд теңгені дәл осы компания жеке қазынасынан қарастырды.

Вокзалды жаңғырту жұмыстары 2018 жылдың көктемінде басталды. Құрылысшылар ескі ғимараттың тек қабырғасын қалдырып, барлығын толығымен жаңартты. Айталық, енді тұрғындар кассаға кезек күтіп тұрмайды. Электронды кезек алып, сол арқылы қалаған бағытқа билет сатып ала алады. Күту залының аумағы да, орын саны да айтарлықтай көбейді. Бұрын мұнда тек 300 адамға арналған орындықтар болса, енді 600 жолаушы жайлы жағдайда теміржол көлігін күте алады. Сондай-ақ, бұдан былай облыс тұрғындары мен қала қонақтары ауыр жүк сөмкелерін баспалдақпен көтеріп, әуреге түсіп жатпайды. Ол үшін лифт, эскалатор орнатылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, жаңғырту жұмыстарын жүргізу барысында тек тың технология қолданылды.

"Келушілерге ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай жасалды. Электронды кезек, жүктерді сақтау камералары - барлығы заман талаптарына сай. Инженерлік желілер де жаңартылды. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы берік ынтымақтастықтың нәтижесінде осындай игі іс атқарылды", - дейді Құмар Ақсақалов.

Қала тұрғындары жаңарған сапаржайда мүмкіндігі шектеулі адамдарға мол мүмкіндік жасалғанын айтады.

"Бұрынғы ғимаратта ауыр сөмекелермен жүріп-тұру қиын еді. Платформаларға жету үшін биік баспалдақтардан түсу де оңай болған жоқ. Қазір бірнеше лифт, эскалатор бар. Әсіресе, пандустардың, арнайы лифттердің қойылғаны қуантады. Көзі нашар көретін адамдарға Брайль шрифті қолданылған навигациялық жүйе жасалыпты. Бұл да өте ыңғайлы", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Самал Оспанова.

Сапаржайдың іші ғана емес, сырты да адам танымастай өзгерді. Субұрқақ қалпына келтіріліп, көшеттер отырғызылды. Биыл облыс орталығында алғаш рет сапаржай алаңындағы гүлдерді суарудың автоматты әдісі қолданылмақ.  

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу