Жарты жылда 700-ден аса мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталды

784

 Жарты жылда 700-ден аса мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев І жартыжылдықта жемқорлыққа қарсы күресте қол жеткізілен нәтижелерге тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шпекбаев барлық салада жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалған сыбайлас жемқорлықтың жүйелі деректері ашылғанын атап өтті. 

"Тек соңғы жарты жылда 700-ден астам адам, оның ішінде 18-і республикалық, 55-і облыстық, 101-і қалалық және аудандық буындардың басшылары анықталды. Олардың арасында энергетика вице-министрлері, сыртқы саясат ведомствосының жауапты хатшысы, ауыл шаруашылығы министрлігі комитеттерінің төрағасы мен төраға орынбасары, Ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі судьялар бар", — деп мәлімдеді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Түркістан облысы мен Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының (кеден бекеттеріндегі пара), Ақмола (өндірушіге қамқорлық) және Маңғыстау (браконьерлерге қамқорлық) облыстары ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленді. 

"Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының денін жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған", —деді Шпекбаев. 

Ол лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласу жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

"Агенттік 300-ден аса кәсіпкердің құқығын қорғады, ол өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3 есеге көп. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын көлемі 9,7 миллиард теңгеге өсті. Бұл шамамен өткен жылмен салыстырғанда (5,9 млрд теңге) 4 миллиард теңгеге көп, оның 8,5 миллиард теңгесі немесе 88 проценті өтелді. Тергеу барысында күдіктілердің 4,6 миллиард теңгенің мүлігіне тыйым салынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 4 есеге артық", — деп түйіндеді агенттік төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу