Апаттар медицинасы орталығы 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мамандандырылған ұйым осы кезеңде мыңдаған шақыртуға шығып, төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен азаматтарға жедел медициналық көмек көрсеткен.
Орталықтың мәліметінше, республика бойынша жұмыс істейтін 20 филиал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 4 942 шақыртуға шыққан. Оның 538-і жол-көлік оқиғаларына қатысты.
Есепті кезеңде 1 836 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, 782 зардап шегуші әрі қарай ем алу үшін медициналық ұйымдарға жеткізілген.
Шұғыл ден қою жүйесіндегі трассалық медициналық-құтқару бекеттері де белсенді жұмыс атқарған. Алты ай ішінде олар 849 шақыртуға шығып, 1 199 адамға медициналық көмек көрсеткен.
Орталық алдағы уақытта шұғыл медициналық ден қою жүйесін жетілдіруді жалғастырады. Бұл бағытта филиалдар мен трассалық медициналық-құтқару бекеттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи медициналық жабдықтармен және санитариялық автокөліктермен қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды енгізу, медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту жоспарланып отыр.
Ведомствоның мәліметінше, аталған шаралар шұғыл медициналық көмектің тиімділігін арттырып, төтенше жағдайларда халыққа көрсетілетін көмектің сапасы мен жеделдігін жақсартуға мүмкіндік береді.