Жарты жылда банктер халыққа 18,8 трлн теңге несие берді

277

Ақша-несие саясатының қатаңдауына қарамастан, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында банк секторы жаңа қарыз алушыларға 18,8 трлн теңге несие берген.  

Жарты жылда банктер халыққа 18,8 трлн теңге несие берді Фото: Максим Золотухин

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 трлн теңгеге немесе +13,1% артық, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығына сілтеме жасап.

Қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы 2025 жылдың I жартыжылдығы бойынша Қазақстанның банк секторына шолу дайындады.

Жаңа несие беру көлемінің артуына корпоративтік сегменттің (+11,9%) де, бөлшек сегменттің (+14,4%) да үлесі бар. Бұл ретте жаңа несиелердің басым бөлігі бизнеске (50,3%) емес, халыққа (49,7%) берілген.

Инвестициялық сұраныстың өсуіне кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметінің жақсаруы, ішкі тапсырыстардың артуы жағдайында айналым қаражатының кеңеюі, жеңілдікпен қаржыландыру құралдары мен көлемдерінің артуы, өңдеу өнеркәсібінде (мысалы, химия өнеркәсібі өнімдері мен металлургия өндірісі), көлік саласында инвестициялық жобалардың іске асырылуы және елдегі тіркелген заңды тұлғалар санының көбеюі (+9,3 мың, 2025 жылдың алғашқы 6 айында) әсер етуі мүмкін.

Қарыз қаражатына тұтынушылық сұранысқа жалақының өсуі (+10,7%), жаңа клиенттер ағыны, банктер арасындағы бәсекелестік, маркетингтік акциялар мен бөліп төлеу бағдарламаларының кеңеюі, жеңілдікпен ипотекалық бағдарламалардың артуы әсер етті, бұл пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне қарамастан несиелердің қолжетімділігі мен тартымдылығын арттырды.

Жаңа берілген несиелердің айтарлықтай артуы есебінен екінші деңгейлі банктердің жиынтық несие портфелі 9,1% өсті, бұл олардың активтерінің жалпы өсімінен (+5,3%) едәуір артық және банк секторының нақты сектор мен халықты несиелеуге басымдық беріп отырғанын көрсетеді.

2025 жылдың I жартыжылдығында банк секторы бизнес пен халықты белсенді несиелеуге сүйене отырып, тұрақты өсу динамикасын көрсетті.

Бұл ретте банктердің несие портфельдері жиынтық активтерге қарағанда қарқынды өсті, бұл негізгі бизнеске басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, несие портфелінің сапасы бақыланатын деңгейде сақталып, банктерге пайыздық табысты жоғары деңгейде ұстап тұруға және пайдаларын арттыруға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу