Биыл облыс орталығындағы көше жолдарын орташа жөндеу барысында бұрын-соңды қолданылмаған жаңа асфальт пайдаланылатын болады. Мамандар жұмыстарға күн жылына сала кіріспек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қысы қатты Павлодар облысындағы кей жолдардың асфальты жарылып, жүргізушілерге қиындық тудыратын әдеті бар. Былтыр жолдарды жөндеу кезінде ұсақ түйіршікті ыстық асфальт төселсе, биыл басқа материалды сынақтан өткізіп көрмек.
"Өткен жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жөндеу жұмыстары барысында ұсақ тасты мастикалық жабынды пайдалануға кеңес берді. Себебі ол біздің климатқа анағұрлым бейімделген. Оның құрылымы бөлек, басқа материалдарға қарағанда әлдеқайда тығыз. Сондықтан бұрынғыдай асфальт үстіндегі жарылған жерлер де болмауы керек. Басқа асфальт пайдаланғанымызбен, оны төсеу технологиясы сол қалпы қалады. Бұл жұмыстарды күн жылына сала бастау жоспарда бар", - дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Жалпы, биыл облыс орталығында барлығы 15 көшенің жолын орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Одан бөлек, қазіргі уақытта кейбір жол учаскелерінде ой-шұңқырларды "жамау" жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 10 бригада тартылды. Ал 15 сәуірде қызметкерлер жол сызықтарын салуға да кіріседі. Күндіз жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін бұл бағыттағы істер түнгі уақытта атқарылмақ. Ол үшін ауа температурасы +10 градустан жоғары болса болғаны.
Жалпы, осы жылы облыс орталығында 15 көшеге асфальт төселумен қатар, жеке сектордағы 22 көшенің жолы, 13 аумақта жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, 8 жол қиылысына бағдаршам орнатылады.
Жолдардан бөлек, тротуарлар, әлеуметтік нысандардың аулалары жаңарады. Атап айтқанда, 107 аула, 13 білім беру, 3 емдеу мекемесінің ауласы ретке келтіріледі. Лермонтов көшесін абаттандыру жобасы аясында 38 мың шаршы метр тротуар плитасы төселіп, асфальт жабыны толық ауыстырылады.
Спорттық нысандар да назардан тыс қалмақ емес. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, осы жылы балалар ойнайтын 50 алаң, 10 шағын футбол алаңы мен 15 жаттығу алаңын орнату ойда бар. Ал облыс орталығының ажарын аша түсу үшін 20 мың көшет отырғызылып, 35 мың гүл егіледі.