Жарылыс кезінде әскерилер көмектеспей кетіп қалды – өрт сөндіруші

2579

Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыстан шыққан өртті сөндіруге қатысқан маман апаттан қалай аман қалғанын, онда не болғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жарылыс кезінде әскерилер көмектеспей кетіп қалды – өрт сөндіруші

Алмаз есімді өрт сөндірушінің айтуынша, оны өлімнен басшысы аман алып қалған.

"Өрт сөндіру қызметінің кезекші басқарушысы (ДСПТ) қарауыл бастығына бұйрық берді. Біз КамАЗ-ға қарай жүгіріп келдік... Осы сәтте жарылыс болды... Айнала қараңғы болып кетті, бүркеніп жерде жаттық. Көзім көрмей қалды, қолым сынды. Қарауыл бастығы мені тауып, өрттен сүйреп шығарып, цемент тұрған жерде қалдырды. Кейін ол екінші адамды құтқаруға кетті. Осы сәтте тағы бір жарылыс болды. Осылайша, бәріміз бір жерге жиналып қалдық. Бетіме (құтқарған адам – автор) су шашып "көзің көре ме, көрмей ме?" деп сұрады. Мен "көзім көрмейді" дедім. Ол белдігімнен ұстап, біраз жерге дейін мені сүйреп апарды", - дейді Алмаз әлеуметтік желіде тараған видеода.

Ол апат орнынан өзін басқа адамдар шығарғанын, ал оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған кезде әскерилердің кетіп қалғанын айтты.

"Біз әскери бөлімнің ішіне кірген кезде бекет болды. Бірінші бекетте екі адам, екінші бекетте екі адам, үшінші бекетте екі адам тұр екен. Жарылыс болған жерге барсақ, 3-4 адам ғана жүр. Бір танкі тұр. Оның көмегімен өртті сөндіруге тырыстық. Нәтиже болмады. Әскерилер үрейлі болды, қорқып жүрді. Бізден бірнәрсені жасырғандай көрінді. Әскерилердің басым бөлігі (әскери бөлімде – автор) болған жоқ... Олар көмектеспей кетіп қалды... Біз өрт сөндіріп жатқанда олар қатарға тұрып (әскери бөлімнен – автор) шығып кетті... Өрт өршіген кезде олар болған жоқ", - деді өрт сөндіруші.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер оқ-дәрі қоймасында жарылғыш заттың барын кеш білген.

"Бастығымыз (әскерилерден – автор) "Жарылатын зат бар ма?" деп сұрады. Осы уақытта (әскери бөлімнің – автор) алдында жұмыс істеп жаттық. Апат орнына үшінші машина болып бардық. Олар: "Жарылмайды, жарылмайды" деді. Кейін бір кісілерден тротил барын естіп қалдым. Әскери формадағы полковниктен "Ол жарыла ма?" деп сұрадым. Ол "жарылмайды" деп жауап берді. Кейін оның кетіп бара жатқанын көрдім", - деді Алмаз.

Өрт сөндіруші апат салдарынан бастығы мен оның жанында болған 2 адам қаза тапқанын жеткізді.

Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде жарылыс болды. Салдарынан 14 адам қаза тапты.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу