Жарылыста жоғалған жауынгердің денесі 15 айдан кейін жер қойнына тапсырылды

502

Байзақтағы жарылыста жоғалған жауынгердің денесі 15 айдан кейін жер қойнына тапсырылды. 

Жарылыста жоғалған жауынгердің денесі 15 айдан кейін жер қойнына тапсырылды Фото: ЭкспрессК

Бүгін жамбылдықтар сарбазды арулап, ақтық сапарға  аттандырды. Сержант Бауыржан Дәуітбаев жарылыстан соң ізім-ғайым жоғалған еді. Ал екі ай бұрын әскери қойма маңынан сүйектер табылып, сараптамаға жіберілген. Нәтижесі енді шығып, сәйкестік 99 пайызды көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz .

Жоғалған жауынгер жайлы күні бүгінге дейін көп болжам жасалды. Тіпті "тірі жүр" десті. Алайда осыдан 2 ай бұрын әскерилер қойма маңын қайта тінтіп, адам сүйектерін тапқан. Табады да, лезде сараптамаға жібереді. Әуелі ДНҚ-ны жарты ай Шымкент қарайды. Таппайды. Сосын Алматыға жөнелтіп, нәтижесі Дәуітбаевпен 99 пайызға тура келеді.  

Кеше кешкісін Дәуітбаевтың дене мүшесінің 60 пайызы туған ауылына жеткізілді. Бүгін жаназасы шығарылды. Жиылған қараша қарасы қалың. Ағайын, қызметтес, көзкөргені бар, бәрі жиналды. 1 жыл 3 ай бойы тағатсыз тосып, іздемеген жері қалмаған ет-жақындарынан бүгін тек күдік ғана сейілді. 

"Ауыр күн боп тұр. Әлі де жүрек сенбейді, әлі де бір жерде жүргендей, деді Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев.

Енді марқұмның отбасына әкімдік 15 млн тг өтемақы бермек. Қарулы күштер де 20 млн тг көлемінде қолдау көрсетеді. Сондай-ақ ұл-қыздарын тегін оқыту қаралады. Айта кетейік, Дәуітбаевтың дене бөлшектері қойма маңындағы техникалық аймақтағы, үйінді астынан қазылып алынды.  

"Техникалық аймақтың аумағы кішкентай емес. 175 га жер. Енді біздің қарамаған жеріміз жоқ. Біз 1 жыл бойы іздеу жұмыстарын тоқтатпадық", деді 28349 әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов.

Байзақтағы жарылыстан ресми түрде 18 адам қайтыс болды. Дүмпуден 35 аула, 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Бірақ, жарылыс себебі күні  бүгінге дейін белгісіз. 

Айта кетейік, Бауыржан Дәуітбаев өмірден озар шағында жасы 35-ке толған еді. Өзі осы әскери қойма маңындағы Базарбай ауылының тумасы. Сержант өмірден өтер кезде келіншегі 5-ші баласына жүкті болатын. Ет жақындары ырымдап, сәбидің атын Амангелді деп қойған еді. Алайда ағайынның арасына азамат аман келмеді. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу