Жарылыстан қаза тапқан әскерилердің наградалары олардың жақындарына табысталды

2153

Байзақ ауданында орын алған өрт пен жарылыстан қаза тапқан әскери қызметкерлердің жақындары мен туыстарына мемлекеттік наградалар табысталды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарылыстан қаза тапқан әскерилердің наградалары олардың жақындарына табысталды

Алдымен жиынға қатысушылар апаттан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

"Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған марқұмдардың отбасына көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл жағдайды әрбір қазақстандық орны толмас өкініш ретінде қабылдап, өздерінің қазаға ортақ екендіктерін білдіруде. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 28 тамыздағы №210 өкімімен 29 тамыз жалпыұлттық Аза тұту күні болып жарияланды. Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы "Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректгі мен жанқиярлығы" үшін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар дөпартаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағын беру туралы қаулығы қол қойды. Ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайықты", – деді Б.Сапарбаев.

Мемлекеттік награда марқұмның ұлына табысталды.

"Ұлымның құрметіне ескерткіш қойғаны дұрыс. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. Ұл-қыздары әкесінің ерлігін мақтан тұтады. Ендігі артында қалған ұрпағы аман болсын!" – дейді Мейіржан Аймановтың анасы.

Жиын барысында өңір басшысы "Халық қаһарманы" Мейіржан Аймановтың құрметіне ескерткіш қойылатын айтты.

"Ерлікпен қаза тапқан азаматтар мәңгі жадымызда. Бауырым  Мейіржанның еңбегін жоғары бағалап, "Халық қаһарманы" атағын беріп отыр. Осы тұста Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", – деді марқұмның бауыры.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы, ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасына барып, төтенше жағдай кезінде қаза болған №28349 әскери бөлімінің ведомстволық күзет командасының атқышы Оразбек Дәлібаевтың жары мен ұлына III дәрежелі "Айбын" орденін тапсырды.

"Әкем әрдайым Отан алдындағы міндетін ең бірінші орынға қоятын еді. Күні кеше орын алған жарылыс кезінде де алдыңғы қатардан табылып, басын бәйгеге тікті. Елін, жерін шын жүрегімен сүйетін әрбір азамат солай жасайды деп ойлаймын. Сондықтан әкемді әрдайым мақтан тұтамын. Бала кезімнен әкеме ұқсап өсіп, әскери сала қызметкері болуды қаладым. Бүгінгі таңда Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Болашақта әкемнің жолын жалғап, елімнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткім келеді", – деген Жандос Оразбекұлы әкесінің ерен еңбегін бағалаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкіміне алғысын білдірді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу