"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" компаниясы ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып жасаған "Барыс 8х8" құрышталған дөңгелекті машинасы төрт жыл бойы сынақ кезеңінен өткізілді, енді ол қолданысқа дайын және алдағы уақытта сериялық өндірісі шығарылып, одан ары экспорттау да жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуы бойынша, жауынгерлік көлік әскери сынақтардың соңғы кезеңінде Оңтүстік Қазақстанның таулы жерлерінде, Орталық Қазақстанның далалары мен сортаңдарында және Каспий теңізінің жанындағы Маңғыстау құмдарында тексеруден өтті. Жалпы алғанда 25 000 км қашықтықты жүріп өтіп, 30 мм калибрлі 5 000 снарядты және 7,62 калибрлі 7 000 патронды пайдаланды.
"Бұл флагман көлік болып саналады. Басқалардан ең басты айырмашылығы – қорғанысы, яғни арнайы технологиямен құрышталып жасалған. Содан кейін жылдамдығы мен мобильділігі де – басты ерекшелігі. Ең жоғарғы жылдамдығы сағатына 100 км. Көліктің үстіңгі бөлігіндегі "Ansar" атаулы жауынгерлік модулі, яғни оқ жаудыратын модулі 100 пайыз Қазақстанда жасалған. Онда 30 милиметрлі зеңбірек, 7,62 милиметрлі пулемет бар", – деді жоба меңгерушісі Еңлік Мырзабекова.
Оның айтуынша, көлік миналардан, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан, жол бойындағы қабықсыз қопарылғыштардан мүлтіксіз қорғайды. Арнайы "минаға қарсы" орындықтары экипаж жаралануының алдын алады.
Қосымша көлік кешенінде телевизиялық камера, жылуға ден қойғыш, лазерлік қашықтық өлшеуіш, түнгі көру аспаптары және метеостанция бар екенін айта кетейік. Алдағы уақытта зымыран кешенін көздеу аспабы орнатылуы мүмкін. Ол төмен ұшатын әуе нысандарын қиратуға қабілетті.