Астана әуежайында Литваның Вильнюс қаласында өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасының (IBO-2026) жүлдегерлерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан құрамасы әлемнің беделді зияткерлік додасында жоғары нәтиже көрсетіп, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже 1996 жылғы ұлттық құраманың жетістігін қайталап, отандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі білім бәсекесінде мықты екенін көрсетті.
Биылғы олимпиадада жүлдеге ие болғандар қатарында Павлодар облысындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Қайыркен Ерсұлтан, Алматы қаласындағы "Білім-инновация" мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Әшірханов Әлихан, Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Желтова Софья және Қарағанды қаласындағы NIS оқушысы Меженина Евгения бар.
Құрама командасының жетекшілері мен жаттықтырушылары – Назарбаев университетінің өкілі Лейла Асқарова, "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қорының әдіскері Ілияс Сакимов, Nazarbayev University зертханасының үйлестірушісі Камиля Садыкова және Астана медицина университетінің студенті Дінмұхаммед Уразбаев.
Жас ғалымдарды әуежайда Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Даулетов, ата-аналар, ұстаздар мен жақындары қарсы алып, жеңістерімен құттықтады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі білім беру саласына көрсетіліп отырған қолдаудың, олимпиадалық қозғалысты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың және педагогтер мен жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі.