Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген Муталхан Байырбеков, қыркүйекте "Жас кәсіпкер" жобасымен оқуға жолдама алып, айлық оқуын тәмамдағаннан кейін , 505 мың теңге грантына құжат тапсырған. Өз бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан ол грант ұтып алыпты. Сол қаражатқа ағаш өңдеуге арналған жабдық сатып алып, домбыра шығару ісін жандандырып отыр.
"Дайын өнімге сұраныс көп. Домбыраға негізінен жеке тұлғалар, түрлі мекемелер мен өнер адамдары тапсырыс беріп жатыр",– дейді грант иегері.
Муталханның шағын цехында қазірге екі адам жұмыспен қамтылып, олар айына 30-40 дана домбыра жасап шығарып жатыр екен. Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, тағы да 5-6 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
"Маған 5-6 азамат керек. Домбыра жасауды үйретемін. Қосымша айына 50-60 мың теңге айлығын төлеп отырамын. Үйреніп алған соң, жалақысын 80-90 мың, тіпті 100 мың теңгеге дейін көтеруге дайынмын", – дейді ол.
Арай Есенбек